«Қысым көрсетіп ақша алып отыр»: Шымкенттік полицейлер Тоқаевтан араша сұрады (ВИДЕО)
Сізден, бізді ішкі істер салсында қызметте қалдыруды сұранамыз, дейді олар.
Шымкентте полиция қызметкерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, көмек сұрады. Олар «басшыларына пара беруге мәжбүр болғанын» сол үшін жұмыстан шығып қалу қаупі туғанын айтқан.
Үндеуді Шымкент қаласы полиция департаменті потрулдік полиция полкінің жеке құрамы 4-рота және 8- рота инспекторлары жасаған. Үндеуді бір полиция оқып, отыздан аса полиция қолдайтынын бір ауыздан білдірген.
Инспекторлар «ішкі істер саласына жұмысқа кірген күннен бастап халықтың тыныштығы үшін күшейтілген күн тәртібінде үздіксіз қызмет атқарғанын» бірақ «рота командирлері (Қайрат) Әлімханов және (Нұрғали) Мырзалиевтің қысымымен ақша жинап отырғанын», бұл дерек бойынша «іс қозғалып, ақталмайтын негізбен қысқартылғанын» хабарлаған.
«Пандемия және Қаңтар оқиғасы кезінде халықтың тыныштығын сақтап қалуға, қиын қыстау кездері отбасымызды тастап, өмірімізді қауіп-қатерге тігіп қызмет атқардық. Сізден, бізді ішкі істер салсында қызметте қалдыруды сұранамыз. Біз елге адал қызмет етеміз деп ант етеміз!» дейді полицейлер.
Осы орайда заңгер Айгүл Орынбек пен Orda.kz тілшісінің қысқаша сұхбатын ұсынғанды жөн көрдік.
— Полицейлердің мұндай қадамға баруының себебі 30 жыл бойы ішкі жүйенің шірігенінің айқын көрінісі. Ашық айтылмаса да мәжбүрлі түрде ақша жиналатынын халық білетін. Полицияны басшылық қинаса, полиция халықты қинайды. Маған ашық жариялаудан қорқып, полицейлер онанимді хат жазатын. Мысалы, «аурухана парақшасын аштыру – 5-8 мың теңге» деген оннан аса, «демалысқа шыққанда демалыс ақшасының 10 пайызын беріп шығамыз» деген елуден аса шағым түсті. Полицейдің айлық жалақысы – 150 мың теңге. Қымбатшылық олардың да қалтасына салмақ түсіріп жатыр. Олар да бұрынғыдай үндемей отыра алмайды. Кредитке байланған, отбасын асырау керек.
— Үндеу жасаған полицейлердің үстінен іс қозғалған, бірақ қысқартылған ба?
— Иә, пара бердіңдер деп іс қозғалған. Бұлар пара бергенде қалай берген? Басшылары мәжбүрлі түрде ақша жинап отырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстық іс қозғап, рота басшыларының ісін сотқа жіберген. Ақша жинап беруге мәжбүр болғандардың ісі қысқарған. Енді жұмыста қалдыру, қалдырмауды басшыларың шешеді деген.
— Инспекторлар үндеуді жасамас бұрын қандай әрекетке барған?
— Полицейлердің айтуынша, әуелі жол-көлік полициясына барған. Басшылар полиция ғимаратына кіргізбеген соң қалалық полиция департаментіне барған. Сол кезде бұларды тоқтатуға арнайы жасақ тартылған. Бұл шағымнан департаменттің хабары бар. Наразылық білдірместен екі күн жұмысқа шықпай, қарсылығын танытқан. Олардың бар сұрағы: «Біз неге жұмыстан кетуіміз керек? Бала-шағамызды кім асырайды?» болып отыр.
— Үндеу президент әкімшілігіне ресми түрде жіберілді ме, әлде видеоүндеумен шектелді ме?
— Қазірге видеоүндеу жасады.
— Инспекторлармен сөйлесу мүмкін болмай тұр. Мәлімдемеден соң оларға қандай да бір қысым жасалды ма? Бұл туралы сізге хабарласты ма?
— Видеоүндеу шыққан соң басшылық оларды шақырған. Ұрысқан. Әсіресе президентке хатты оқып берген инспекторға қысым жасалған. Меніңше, бұл іс қараусыз қалмайды. Бас прокуратура мен президент әкімшілігі қолға алады деп үміттенемін.
Үндеуді әлеуметтік парақшаларында жариялаған заңгер Айгүл Орынбек Orda.kz тілшісіне мәлімдеме жасаған инспекторлар қысымның астында қалғанын хабарлады. Ал инспекторлардың өзімен сөйлесу мүмкін болмады. Орынбектің сөзінше, ресми үндеу жасағандардың саны алпысқа жуықтаған. Жалпы қысқартуға түсуі мүмкін полиция саны жүзге жақын.
Полиция инспекторларының үндеуіне байланысты әзірге қалалық полиция департаменті қандай да бір пікір білдірмеді.