Болашақ рестораторлар жаңа идеясын таныстырды
ҚазТБУ студенттері Rixos President Astana қонақүйі өкілдерімен кездесті
Қазақ технология және бизнес университетінде тәлім алып жатқан қонақүй мен мейрамхана ісінің болашақ мамандары Be Unique жобасын таныстырды. Оның ішінде «Туризм және сервис» мамандығының І курс студенттерінің таныстырған жобасы болашақта қонақүй сервисіне лайықты тұжырымдамаға айналуы бек мүмкін.
Студенттердің бұл жобасына дайындық 20 қарашада басталған. Екі ай ішінде олар бұл идеясын жүзеге асыра алды. Әрі болашақта ол өздерінің кәсіби жұмыс орнына айналуы мүмкін.
Шара барысында 9 студентке «Президент отель» ЖШС басшылығы бос жұмыс орнына жұмысқа шақыратын кепіл хатын табыстады. Демек, бұл шәкірттер оқуын тәмамдаған соң бүкіл әлем бойынша таралған Rixos қонақүй желісінің қай-қайсына да барып жұмысқа орналаса алады.
Компанияның бас директоры да сенім артқан ата-аналарға алғысын білдірді.
Осындай керемет команда жинай алған ректорлар мен вице-ректорларға көп рахмет. Біз енді Be Unique атты өз жобамызды бастаймыз. Осы орайда бізге сенім білдірген ата-аналарға алғысымыз шексіз. Мұндай қиын сәтте қандай да болмасын үйымға сенім арту қиын. Ал біз сол сенімді ақтауға тырысамыз, - дейді Тансел Терджан.
«Қонақүй бизнесіндегі мейрамхана ісі» мамандығының бірінші курс студенті Әлішер Бегайдаров – кепіл хатын алғандардың бірі.
«Біздің командамыз Retro party бағдарламасымен жұмыс істеді. Командалық жұмыс арқасында дайындық жеңіл өтті. Енді ары қарай шетелге шығып, оқуға түсіп, әлемді аралағым келеді», - дейді ол.
Айта кетейік, ҚазТБУ мен Анталияның ғылыми университеті өзара ынтымақтастықты берік ұстанып, туризм саласында маман дайындауға бірге атсалысып келеді.