Жаңаөзенде 19 жастағы әскери қызметкер өз белдігіне асылып қалды: өлім себебі белгілі болды
Әскери бөлімдегілер оның әлдекіммен араз болғанын жоққа шығарды
Ұлттық ұланда тағы адам өзіне қол салды. Жаңаөзенде келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкер өз бөлмесінде асылып қалды. Әріптесі оның үстінен түскен, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Ресми ақпарат бойынша 2022 жылдың 15 желтоқсанында сағат 02:40-та 5548 әскери бөлімінің келісімшарт қызметінің әскери қызметкері тұрғылықты жері бойынша жатақхана бөлмесінде асылған күйінде табылған.
Жас жігіт Ұлттық ұлан қатарында 2021 жылдан бері қызмет еткен. Ақтөбе облысынан келген. Келісімшарт бойынша сапер-маман болып жұмыс істеген. Әскери бөлімдегілер оның әлдекіммен араз болғанын жоққа шығарды. Сүйген қызының тұрмысқа шығып кетуіне байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Бұл факті туралы гарнизонның тергеу органдарына хабарланды. Әскери қызметкер баянсыз махабат салдарынан өзіне қол салған», – дейді Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша командирінің орынбасары Руслан Бөлегенов.