Halyq Uni логотип
×

Кәрім Мәсімовке тиесілі тұрғын үйден 17,2 млн доллар табылды – ҰҚК

Мәсімовпен жақын байланыстағы адамдардан 5,1 млн доллар тәркіленіп, оған тыйым салынды

 Ербол Тұрымбет 10.03.2022 | 13:04
Кәрім Мәсімовке тиесілі тұрғын үйден 17,2 млн доллар табылды – ҰҚК
фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі жалғастыруда. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметінен хабарланды.

Сонымен қатар, тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген жемқорлық белгісі анықталды.

Отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталды.

Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің ҰҚК төрағасы лауазымында 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. 

Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді. 

Сонымен қатар, Мәсімовтің премьер-министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.

2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары алынды.

Бұдан басқа, бизнес санаттағы 11 қымбат автомашина алынды.

Оның Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтеріне, Алматы қаласындағы 2 пәтер мен дербес сарайына, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды.

Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынды.

Осымен бір мезгілде Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды.

Еске салайық, 6 қаңтарда ҰҚК қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Қ.Мәсімов және басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама