Halyq Uni логотип
×

Шетелдік көліктерді тіркемегендерге айыппұл салынады – ІІМ

Бұл биыл 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға жеткізілген көліктерге қатысты

 Дәурен Ерболат 15.12.2022 | 16:50
Шетелдік көліктерді тіркемегендерге айыппұл салынады – ІІМ
Фото: kolesa.kz

Үкіметтің қаулысы шыққаннан кейін 6 ай бойы шетелдік автомобильдер тіркеледі. Ол аяқталғаннан кейін көлігін тіркемеген жүргізушілерге айыппұл салу басталады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқармасы басшысы Әлібек Кеңесбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде мұндай көліктердің иесіне айыппұл салынбай, тек ескерту жасалып жүр.

«Әкімшілік заңнаманың қолданыстағы нормаларына сәйкес, Қазақстанда тіркелмеген автокөлік иесіне жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, оған 10 АЕК (31 800 теңге, 1 АЕК – 3180 теңге) айыппұл салынады. Егер ол бір жылда қайта заң бұзса, 20 АЕК (63 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 1 жылға дейін көлікті басқару құқығынан айырылады. Бұл нормалар күшіне енген», - деді Әлібек Кеңесбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан соң.

Оның айтуынша, алдағы уақытта жағдай өзгеруі мүмкін.

Президент 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға кірген шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге тапсырма берген. Сондықтан шетелдік көліктердің иелеріне тек ескерту жасалып жатыр. Себебі оларға құжаттарды рәсімдеуге, көліктерді заңдастыруға уақыт беріліп отыр. Үкіметтің қаулысы шыққаннан кейін бұл көліктерді заңдастыру 6 ай бойы жүргізіледі. Автомобильдерін заңдастыра алмағандарға қолданыстағы норма бойынша шешім қабылданады, - деді басқарма басшысы.

Әлібек Кеңесбаевтың сөзін ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев толықтырды.

Айыппұл салу шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу біткеннен кейін басталады. Бұған дейін біз ешкімге тиіспейміз. Халыққа тиісті жағдайды жасаймыз. Легализация өткеннен кейін олар заңды бұзса, шара қолдануға мәжбүр боламыз, - деді Сұлтанбаев.

Ол шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу қашан басталатынын нақты айтқан жоқ.

Оны нақты айта алмаймын. Қазір Салық кодексіне өзгеріс енгізілді. Енді Экологиялық кодекске өзгеріс енгізіледі. Тиісті заңдарға өзгеріс енгізілгеннен соң Үкіметтің қаулысы қабылданады. Осыдан соң көліктерді 6 ай бойы заңдастырамыз. Тиісті ақпаратты Ішкі істер мининистрлігі жариялайды, - деп сөзін қысқа қайырды.

Айта кетейік, биыл президент Жолдауында 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға кірген шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге тапсырма берілген еді. Оларды рәсімдеу құны 200-250 мың теңгеден аспауы шарт. Ал Қазақстанда 300 мың көлік жеңілдетілген тәртіппен рәсімделуі мүмкін. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерді тіркегенде утилизациялық алым алынбайтынын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама