×

Құмар ойындардың құрбандары азаяр емес – сенатор

Парламент қабырғасында мәселе бірнеше рет көтерілген, алайда нәтиже көңіл көншітпейді

 Дәурен Ерболат 15.12.2022 | 15:29
Фото: pexels.com

Сенат депутаты Амангелді Толамисов Қазақстанда букмекерлік кеңселер жарнамасының көбейгенін, салдарынан адамдар құмар ойындардың құрбанына айланып жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.

«Ойын бизнесі туралы» заңда электронды казинолар мен интернет-казино қызметтеріне тыйым салынған. Алайда «Жарнама туралы» заңда мұндай казинолар мен олардың қызметтеріне жарнама жасауға тыйым салынбаған. Қазір заңнамаға осындай жарнама үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізу маңызды, - деді Амангелді Толамисов Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, заңға түзетулер енгізілсе де құмар ойындардың құрбаны азаяр емес.

Ойын бизнесі үлкен қаржының көзі болғандықтан ба, әлде тиісті дәрежедегі бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан ба, оған іс жүзінде тыйым салу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Ойын автоматтары кез келген жерге қойылған, ставка қабылдау пунктері еркін жұмыс істейді. Жарнамалық серіктестері де көбіне букмекерлік компанияларды жарнамалап күн көріп отырғандықтан одан бас тартпасы анық. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып барады, - деді сенатор.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда ойын бизнесінде жұмыс істеуге лицензиясы бар 50 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 26 букмекерлік кеңсе, 6 казино, ойын автоматы қойылған 10 зал, 2500-ге жуық бәс тігу пункті, 8 тотализатор бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама