×

Жамбыл облысында 13 қару мен 350-ге жуық оқ-дәрі тәркіленді

Барлық қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды

 Динара Амантай 15.12.2022 | 13:47
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысының полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 3 күн ішінде түрлі калибрлі 13 қару мен 345 оқ-дәрі тауып, тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлері Жамбыл облысы ҰҚКД жедел тобымен бірлесіп, Тараз қаласының шетінде бетон плитаның астынан зауыттық нөмірлері қолдан өшірiлген АК-47 автоматы, 9 мм калибрлі оқ-дәрісі бар Байкал травматикалық тапаншасы, 7,62 мм калибрлі 20 оқ-дәрі тапты.

Сонымен қатар, 13 желтоқсанда Байзақ ауданындағы Талас өзені көпірінің астынан скотчпен оралған газет бумасы табылды. Оның ішінде 2 оқжатар және 5 оқ-дәрісі бар 9 мм калибрлі Макаров тапаншасы табылды. Сол күні Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылының шетінде орналасқан шаруа қожалығында 38 жастағы малшыдан 12 мм калибрлі ИЖ-18 тегіс ұңғылы аңшылық мылтығы тәркіленді.

Барлық қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Жамбыл облысының полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама