Төтенше жағдайдың салдарын жойған мамандарға қосымша үстемеақы төленетін болды
Әр жұмыс күні үшін 30 мың теңге қарастырылып отыр
2023 жылдан бастап төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысқан мамандарға қосымша үстемеақы төленеді. Бұл туралы Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қазір министрлікке президенттің тапсырмасын орындау бойынша тиісті қолдау көрсетіліп жатыр.
Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріндегі әріптестерімізбен бірге жұмыс істедік. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап төтенше жағдай қызметкерлерінің жалақысын өсіруге қатысты хат премьер-министрге жіберілді. Онда төтенше жағдайдың салдарын жою кезінде жұмыстың қиындығына байланысты қосымша үстемеақы төлеу қарастырылған. Егер мұндай жұмыстар Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде жүргізілсе, мамандарға үстемеақы төленеді, - деді Юрий Ильин Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ министр қосымша ақының сомасына тоқталды.
«Бұл сома лауазымдық жалақының пайыздық мөлшерлемесіне сәйкес келеді. Қазір лауазымдық жалақының 20%-на өтініш бердік. Мысалы, біз лауазымдық жалақыны одан жоғары көтерсек, бұл әр жұмыс күні үшін орташа есеппен 30 мың теңге болады. Бұл – аса күрделі жұмыстар үшін төленетін сома», - деді Юрий Ильин.