Футболдан ӘЧ: Еуропа елдерінде жаппай тәртіпсіздік басталды
Францияда 14 жастағы жасөспірім қаза тапты
Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Францияның ұлттық құрамасы Марокко командасын жеңгеннен кейін толқу басталды. Жаппай тәртіпсіздіктер Франциямен қатар, Бельгияда да болып жатыр.
Айта кетсек, Франция мен Марокко құрамаларының матчы 2:0 есебімен аяқталған еді. Осыны сылтау етіп, ашуға булыққан халық Париж бен Монполье қалаларының көшелеріне шығып, полицияға қолдарына түскен заттардың бәрін лақтырып, тәртіпсіздік жасады.
Daily Mail басылымының хабарлауынша, сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Парижде Франция мен Марокко құрамалары жанкүйерлерінің арасында қақтығыс болды. Көшеге шыққандардың көбісі – тегі марокколық азаматтар. Францияда бұрыннан бері Марокконың үлкен қауымдастығы тұрады. Олардың көбісінің қос азаматтығы бар. Өйткені, Марокко – 1956 жылға дейін Францияның отары болған ел.
Бұл қақтығысқа Париждің полициясы өткен аптадан бері дайындалған. Сол кезде тәртіп сақшылары ширек финалда Марокко командасы Португалия құрамасын жеңгеннен кейін жанкүйерлер арасында болған төбелесті уақытында тоқтатқан болатын. Ал RMC Sport мәліметі бойынша, кешегі қақтығыста Монпелье қаласында 14 жастағы жасөспірім қаза тапқан. Франция жанкүйерлері отырған көлікке белгісіз адамдар келіп, терезеден шығып тұрған ұлттық команданың туын жұлып алған. Жүргізуші кенет орнынан қозғалып, 14 жастағы баланы қағып кеткен. Ол ауруханада алған жарақатынан көз жұмған.
Бұған дейін де мұнда француздар мен этникалық марокколықтар арасында жаппай қақтығыс болған.
Қолда бар мәліметке қарағанда, қазір қақтығыс Францияның Париж, Ницца, Монпелье қаласы мен Бельгияның астанасы Брюссельде ұласып кетті. Полиция жанкүйерлерге көзден жас ағызатын газ қолданса, шерушілер полиция қызметкерлеріне қарсы отшашулар атып, басқа да заттарды лақтырып, бірнеше қоқыс дорбалары мен картон жәшіктерді өртеп жіберген.