Қиын сәтте адамдар эмоцияға берілуі мүмкін
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бірінші вице-премьер Роман Склярдың Екібастұздағы апатқа қатысты журналистер әртүрлі ақпарат беріп, жағдайды ушықтырып жіберді деген пікірмен келіспейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ойын қандай да бір контексте жеткізген шығар. Үлкен апат болмады деп айтуға болмайтын шығар. Өйткені біраз адам қиналды. Оны бәріңіз (БАҚ) беріп жатырсыздар. Оның бәрін көрдік. Екібастұздың азаматтары да біраз ақпарат берді. Сондықтан қиын жағдай болды, - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Ол бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да пікір білдіргенін жеткізді.
«Президент бұл жағдайға өз бағасын берді. Тиісті тапсырмалар берілді. Бүгінде жағдай тұрақталды деп айтуға болады», - деп сөзін түйіндеді Сенат төрағасы.
Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз халқы қақаған суықта жылусыз қалды. «Екібастұзэнерго» ЖШС-ның хабарлауынша, 27 қарашада түнгі сағат 01:20 уақытында №11 жылу қазандығы тоқтаған. Сосын 01:30 шамасында үлкен көлемдегі желілік су шығынына байланысты №13, 14 және 15 қазандықтар істен шыққан еді.
28 қарашада Екібастұз қаласының әкімі жылу желілеріндегі апатқа байланысты қалада төтенше жағдай жариялады. Апат салдарынан көпқабатты 17 тұрғын үй және бірнеше әлеуметтік, заңды тұлға нысандары жылусыз қалды. 8 желтоқсанда Екібастұз аумағында енгізілген төтенше жағдай алынып тасталды.