Оқушылар жекеменшік орталықтарда робототехниканы тегін оқи алады - Аймағамбетов
Мектептерде робототехника кабинеттерінің саны 3 мыңға жеткен
Келесі жылдан бастап робототехника бойынша балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға жергілікті бюджеттерден мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру басталады. Яғни балалар енді жергілікті бюджет есебінен жекеменшік орталықтарда робототехниканы тегін оқи алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасына жазды.
Министрдің айтуынша, робототехника мен бағдарламалауды дамыту бойынша кеңестің отырысы өткен. Кездесуге жекеменшік білім беру орталықтарының, федерациялар мен робототехника қауымдастығының басшылары және жаттықтырушылары, мектеп мұғалімдері қатысты. Кездесу барысында оқушылар арасында STEM-ді дамыту бойынша одан әрі қарайғы бірлескен жұмыстар талқыланды.
Оқушыларымыздың робототехникадан үздік нәтиже көрсетіп жүргенін айта кеткім келеді. Жуырда ғана оқушыларымыз Женевада өткен робототехникадан FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетті. Сондай-ақ балаларымыз алғаш рет Дортмунд қаласында өткен робототехникадан халықаралық олимпиадада екінші орын алды. Бұл – үлкен жетістік, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол соңғы 3-4 жылда 39 мамандандырылған IT-лицей ашылып, онда 50 мыңнан аса оқушы оқитынын атап өтті. Мектептерде робототехника кабинеттерінің саны 3 мыңға жеткен.
Ведомство басшысы мектептерді жабдықтаудың минималды стандарттары дайындалып, осы талаптарға робототехника кабинеттерінің қосылғанын айтты. Енді мұндай құрал-жабдықтардың болуы барлық орта білім беру ұйымы үшін міндетті талапқа айналды.
Бұл ретте ол мектептерде бірқатар мәселелердің бар екендігіне назар аударды.
Робототехника құралдары толық пайдаланылмайтын ұйымдар бар. Сондай-ақ жиынтықтарды жаңарту, қосымша бөлшектерді, шығын материалдарын сатып алуды қажет ететін ұйымдар бар. Бірақ білім берудің барлық бөлімі мен басқармасы бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған. Кейбір мектеп басшылары бір рет сатып алынған керек-жарақ алдағы 3-5 жылға жетеді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Шығын материалдарын жаңартып отыру қажет. Сондай-ақ темірді және қарапайым жинақтарды сатып алу жұмыстың аз ғана бөлігі екенін түсіну керек. Одан да маңыздысы – оқу-әдістемелік кешендермен және біліктілікті арттыру курстарымен қамтамасыз ету. Балалар роботтарды құрастырумен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай дамып, өздері бағдарлама жазып, 3D басып шығаруды, графикалық бағдарламаларды, Ардуиноны және т.б. үйренуі маңызды, – деді министр.
Оқу-ағарту министрінің пайымдауынша, робототехника және ІТ бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі де өзекті болып отыр. Келесі жылы мұндай арнайы курстармен әр мектептен кем дегенде бір мұғалімді қамту көзделген.
Бағдарламалар тез жаңартылып, қағаз IT оқулықтар тез ескіретіндіктен, оларды (IT оқулықтарды) электронды форматқа көшіру туралы ұсыныстар жасалды. Бұған мысал ретінде бастауыш сыныптарда scratch-ті оқуды айтуға болады. Онда бағдарламаның өзін жаңартуға байланысты оқулықтағы командалар, алгоритмдер және бағдарламаның өзі туралы ақпарат сәйкес келмейді. Ал цифрлы оқулықтарды уақытылы түзетіп, жаңартып отыруға болады.
Тағы бір қуанышты жаңалық. Келесі жылдан бастап робототехника бойынша балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға жергілікті бюджеттерден мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру басталады. Яғни балалар енді жергілікті бюджет есебінен жекеменшік орталықтарда робототехниканы тегін оқи алады. Бұл оқушыларымыздың ІТ-құзыреттіліктерін дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен бірге ол колледж студенттері арасында робототехниканы, әсіресе өндірістік робототехника мен мехатрониканы дамытуды жалғастыра беретінін айтты. Бұл бағыт одан әрі WorldSkills байқауларында және басқа бағдарламалар аясында жүзеге асырылады.
Отырыста кеңес мүшелерімен бірлесіп, робототехниканы дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.