Теміртауда ең ескі мектептердің бірі қалпына келтірілді
Оқу орнында жас блогерлер мен болашақ журналистерге арналған заманауи жабдықтары бар телестудия құрылған
Теміртауда апатты деп саналған бұрынғы №15 гимназия мектебінің ғимараты қалпына келтірілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, күрделі жөндеуден кейін оқу орнына 12 нөмірі беріліп, ғимарат ішінен де, сыртынан да түбегейлі өзгерді.
Мектеп 1953 жылы пайдалануға берілген болатын. Ғимарат апатты деп танылған кезде балалар басқа мектепке ауыстырылды. Нысанның жобалық қуаты 450 балаға есептелген. Бірақ әзірге біз 13 сыныпты ғана жинадық. Бұл – 211 бала. Мектепте барлық инженерлік коммуникациялар жаңасына ауыстырылды, сыныптар анағұрлым ыңғайлы және заманауи бола түсті, жоғары технологиялық стильде жабдықталған, – деді мектеп директоры Сәуле Қайырбек.
Сондай-ақ оқу орнында балаларды сабақтан тыс шығармашылық және жобалық қызметке тарту үшін барлық жағдай жасалған. Жас блогерлер мен болашақ журналистерге арналған заманауи жабдықтары бар телестудия құрылған. Студияда шуды оқшаулау ойластырылған және кәсіби жарықтандыру мен камералар бар.
Сондай-ақ STEM-алаң, медиа орталық, робототехника, Абайтану, хореография, АӘД кабинеттері, екі шеберхана, модификацияланған сыныптар бар. Барлық дерлік кабинеттерде интерактивті панельдер бар.
Сонымен қатар директор оқу орнында мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
Барлығы 23 педагогті жұмысқа алдық. Қосымша 6 адам жұмыс істейді. Кіре берістен балалар Абайдың қара сөздерін көре алады. Абай залы да бар. Мұның бәрі болашақта Абай Құнанбаев атындағы мектеп болу мақсатымызды көрсетеді, – деп атап өтті директор.
Спорт залының ауданы 257 шаршы метрді құрайды. Акт залы асханамен біріктірілген. Ас блогы да заманауи плиталармен және техникамен жабдықталған.