Әрбір адам мүмкіндігіне қарай өмір сүруі керек
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақстандықтарды кредит ала бермей, қаржылық сауаттылықты арттыруға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алдымен ол бұл күрделі мәселе екенін атап өтті.
«Кешенді жұмыс жүргізу керек. Жалпы қаржылық сауаттылық кішкентай кезден басталады. Әрбір ата-ана өзінің баласын үйретеді ғой. Мысалы, басында нанға немесе қандай да бір тауарды алып келуге жібереді. Сонда балаға қаржыны санауды үйретеді», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Сонымен қатар, Ерұлан Жамаубаев қаржылық сауаттылықты көтеру мәселесін көтеретінін жеткізді.
Себебі, қазір қаржылық сауаттылық басты мәселе болып тұр. Салдарымен күресіп, оны жеңе алмаймыз. Негізінен әрбір адам мүмкіндігіне қарай өмір сүруі керек. Кредитке бата бергеннен оның мүмкіндігі артпайды, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін депутат кредитті зейнетақы жинағы есебінен жабуды ұсынған еді.