Украина Қырымның жолын кесіп тастау үшін шабуыл дайындап жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Оның мақсаты - оңтүстіктегі жерлердің басым бөлігін жаудан тазарту

фото: ашық дереккөз

Украина Қарулы күштері Қырымға апаратын жолды кесіп тастау үшін төртінші қарсы шабуылға дайындалып жатыр. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

Бұған дейін Ресей армиясын Киевтің түбінен қуып шыққан, Харьков облысын басқыншылардан босатқан, Херсонды қайтарып алған Украина армиясы енді Ресейдің Қырымды жан-жақты қамтамасыз етуіне кедергі жасап, майдан даласын Азов теңізінің жағалауына апарып қою үшін төртінші жойқын қарсы шабуылды дайындап жатыр, – делінген хабарламада.

Жұрттың бәрі аяз қатты болатынын күткен қыстың келгеніне қарамастан, Украина Қарулы күштері соғыс жанжалының жалғасып жатқан оныншы айында Гуляй поленің түбіне механикаландырылған бригадасын жеткізіп, Мелитопольден 100 шақырым жерден позициясын құрып алды. Forbes-тің хабарлауынша, бұл Украина армиясы тарапынан ұйымдастырылатын төртінші қауырт қарсы шабуыл болуы мүмкін. Ал оның мақсаты – оңтүстіктегі жерлердің басым бөлігін жаудан тазарту.

Осының алдында ғана Мелитополь түбіндегі Бердянск қаласымен араны жалғастырып тұрған тасжолға шығатын көпірдің күлі көкке ұшқан еді.

Ресей армиясының терең тылында болған бұл жарылыс диверсанттар жұмыстарының нәтижесі болса керек, – деп мәлімдеді Ресейдің Запорожье облысындағы оккупациялық әкімшілігінің өкілі Владимир Рогов.

Мәскеу әлемде бірде-бір ел мойындамаған жалған референдумының нәтижесінде өз территориясы деп жариялаған облыстың аумағында Ресей тарапында қағаз жүзінде 2 мың жауынгері мен ондаған бронды техникалары бар 291-мотоатқыштар полкы соғысып жатыр. Украина тарапынан оған территориялық қорғаныс мақсатындағы 106-бригада, бірнеше мың жергілікті еріктілерден құралған жеңіл қарулы құрама мен 19-жеке атқыштар батальоны қарсы тұр. Екі жаққа да артиллериядан қолдау көрсетіліп жатыр.

Америкалық әскерилер бұдан ертеректе қыс түскеннен кейін соғыста ұзақ уақытқа, тіпті жарты жылға дейін созылатын үзіліс орнайтынына болжам жасап еді. Себебі жаңбыр мен жұмсақ топырақ армияларға ұрыс қимылдарын жылдам жүргізуге мүмкіндік бермейді. Ал жердің қатуы танктер мен жүк көліктерінің жүрістерін жеңілдетсе де қар тасқыны мен суық басқа проблемаларды туындатып жібереді.

«Бірақ бұл болжам соншалықты тура келе қоймады. Біз украиндардың қыс жағдайында да жақсы соғыса алатындарын көріп отырмыз», – деді АҚШ Қарулы күштерінің өкілі.