Оқ-дәрісі азая бастаған Ресей 40 жыл бұрынғы снарядтарын пайдаланып жатыр - БАҚ
Ираннан жүздеген баллистикалық қару сатып алмақ
Оқ-дәрісі азая бастаған Ресей 40 жыл бұрынғы снарядтарын пайдалана бастаған. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.
Кейінгі айларда АҚШ барлау қызметі әскери-өнеркәсіп кешенінің әлсіздігіне байланысты, толыққанды соғыс жүргізуге шамасы жетпеген Ресейдің Солтүстік Кореядан көмек сұрағаны туралы ақпарат тарата бастады.
Түрлі мәліметтерге қарағанда, қазір Ресей жоғары дәлдікпен ататын қару пайдалануды күрт азайтқан. Өйткені санкцияға байланысты оған қажетті оқ-дәріні өндірістік жолға қою қиындапты.
Бірақ мәселе жоғары дәлдіктегі қарулармен ғана шектелмейді. Reuters-тің жазуынша, Пентагон қазіргі қарқынмен ататын болса, Ресейдің жаңа оқ-дәрісін 2023 жылдың басында-ақ тауысуы мүмкін екенін хабарлаған.
АҚШ пен Ұлыбританияның ресми тұлғаларының мәліметтеріне қарағанда, Ресей Ираннан соғыс дрондарынан бөлек, жүздеген баллистикалық қару сатып алуды да көздеп отырған көрінеді.
Оқ-дәрілерінің азаюымен қатар, Ресейдің қазір жаппай мобилизация уақытының аяқталғаны жария етілгеніне қарамастан, миллионнан аса тұрғыны бар ірі қалаларда әскер жасындағы ер-азаматтарды «аулау» әрекеттері қайта жүргізіле бастағанын жазған болатынбыз.