Қылмыстық іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Екібастұздағы ЖЭО-да болған апатқа қатысты істі арнайы прокурорлар тергеп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Екібастұз бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оны Павлодар облысының арнайы прокурорлары қарап жатыр. Іс шамамен 2 апта тергеледі. Біз барлық жағдайды қылмыстық іс аясында зерттейміз. Кінәлі адамдардың бәрін анықтаймыз. Бірқатар сараптама тағайындалды. Кінәлі тұлғалардың іс-әрекетіне баға берілгеннен кейін анықталады», - деді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, қылмыстық іс екі айға дейін тергеледі.
«Қылмыстық іс екі айға дейін тергеледі. Алдағы 1,5 айда нақты картинаны көреміз. Уақыт бойынша шектеу қоя алмаймын. Тергеу жүргізу оңай емес. Оның барысында әртүрлі жағдай анықталады», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз халқы қақаған суықта жылусыз қалды. «Екібастұзэнерго» ЖШС-ның хабарлауынша, 27 қарашада түнгі сағат 01:20 уақытында №11 жылу қазандығы тоқтаған. Сосын 01:30 шамасында үлкен көлемдегі желілік су шығынына байланысты, №13, 14 және 15 қазандықтар істен шыққан.
28 қарашада Екібастұз қаласының әкімі жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала аумағында техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады. Апат салдарынан көпқабатты 17 тұрғын үй және бірнеше әлеуметтік, заңды тұлға нысандары жылусыз қалды. 8 желтоқсанда Екібастұз аумағында енгізілген төтенше жағдай алынып тасталды.