Алаяқтық бойынша айыпталған Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатылды
Судьяға қатысты үкім заңды күшіне енген
Сенат депутаттары Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Жоғарғы сот судьясы Мейрам Жанғұттиновты қызметінен босатуды қолдады.
Сенаторлар ашық дауыс беру арқылы президенттің ұсынысын қолдап, тиісті қаулыны қабылдады.
Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шипптің айтуынша, Мейрам Жанғұттинов қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін айыпталған. Оған қатысты жемқорлық жасады деген үкім заңды күшіне енді.
Жанғұттинов сот шешімімен кінәлі деп танылды. Үкім заңды күшіне енді. Осыған байланысты президент Жоғарғы сот судьясынан босатуды ұсынды, - деді Шипп.
Айта кетері, 2021 жылы ақпан айында Жоғарғы сот судьясы Мейрам Жанғұттинов ірі көлемде (7 мың АҚШ доллары) пара алу кезінде ұсталды. Параны Түркістан облысы аудандық сотының судьясы бір соттан екінші сотқа ауысу үшін берген.