Halyq Uni логотип
×

Қызылордада 17 жастағы қыз көпірден секіріп кетті

Оқиға түнгі он шамасында болған

 Халық үні 13.12.2022 | 21:45
Қызылордада 17 жастағы қыз көпірден секіріп кетті
Фото: aikyn.kz

Қызылордада 17 жастағы қыз қаладағы аспалы көпірлердің бірінен секіріп кетті, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Оқиға түнгі он шамасында болған. Қазір бұл жағдайдың себебі анықталып жатыр.

Қаладағы аспалы көпірлердің бірінен қыздың секіріп кеткені жұртты дүр сілкіндірді. Қыршын ғұмыр сол жерде қиылды.

«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 105-бабының 1-бөлігімен, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – дейді Қызылорда облыстық полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшысының орынбасары Әуелхан Құдайберген.

Соңғы уақытта көпірден немесе биік ғимараттардан секіріп, өмірмен қош айтысқысы келетіндер көбейген. Астанада биыл 255 өзіне-өзі қол салу дерегі тіркелген. Оның 35-і өліммен аяқталса, 217-сі аман қалған.

Мамандардың айтуынша, суицидке бейім жандар құқық қорғау органдарынан қашқақтайды. Тіпті олар жеке өмірі туралы бөтен адамдармен сөйлескісі келмейтін көрінеді.

«Әйел адам қолдау іздей бастайды. Сөйлескісі келіп тұрады. Адам бұрынғыдай емес, мінезінде өзгеріс болады. Өмірде отбасылық жағдайлар болады, қаржылық яғни таршылық көрсе, зорлық көрсе, отбасынан қысым көрсе, ер азамат тарапынан әлімжеттік көрсе, осыларды сол нәрсеге апарып тірейді», – дейді психолог Әскергүл Хизатбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама