Ол G7 елдерінің көшбасшыларын Global Peace Formula Summit жаһандық бейбітшілік формуласы саммитіне жиналуға шақырды
Украина президенті Владимир Зеленский G7 елдерінің көшбасшыларымен кездесуі кезінде Ресей тарапына Рождество мерекесіне дейін Украинадан әскерлерін шығаруды бастауды ұсынды, деп хабарлады Украина басшысының ресми сайты.
Бұл ретте ол G20 саммитінде 10 тармақтан тұратын украиналық бейбітшілік формуласын ұсынғанын еске салды. Соған байланысты «Үлкен жетілік» елдерінің (АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Канада, Франция, Жапония, Германия) көшбасшыларын формуланы іске асыруды қашан бастау керек екенін шешу үшін Global Peace Formula Summit жаһандық бейбітшілік формуласы саммитіне жиналуға шақырды.
Біз Ресейге Мәскеуде жиі айтылатын дипломатиялық реттеуге нақты, мағыналы қадам жасауды ұсынамыз. Алда миллиардтаған адамдар тойлайтын Григориан күнтізбесі бойынша Рождество, Жаңа жыл, Юлиан күнтізбесі бойынша Рождество сияқты мерекелер бар. Бұл – қалыпты адамдар агрессия туралы емес, бейбітшілік туралы ойлайтын уақыт. Мен Ресейге ең болмағанда агрессиядан бас тартуға қабілетті екенін дәлелдеуге тырысуды ұсынамын. Осы Рождестводан Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған аумағынан орыс әскерлерін шығаруды бастаған дұрыс болар еді, - деді Владимир Зеленский.
Оның айтуынша, егер Ресей Украинадан әскерлерін шығаруды жүзеге асырса, бұл шешім соғыс қимылдарын тұрақты түрде тоқтатуды қамтамасыз етеді. Себебі, бұл – жаһандық мүдде.
«Басқыншы кетуі керек. Бұл міндетті түрде болады. Ал мен Ресейдің мұны қазір Рождество мерекесінде жасамауының себебін көрмей тұрмын», - деді Украина президенті.