Мелитопольде Федералды қауіпсіздік қызметінің базасы жойылды

Дастан Жұмабекұлы

Талдау орталығы орналасқан ғимараттың тас-талқаны шықты

фото: focus.ua

Украина Қарулы күштері Мелитопольде Федералды қауіпсіздік қызметінің талдау орталығы орналасқан ғимараттың тас-талқанын шығарды. Бұл туралы «Украина-Укринформ» хабарлады.

Украин қорғаушылары демалыс күндері уақытша оккупацияланған Мелитопольдегі Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі сарапшылары орналасқан бекетті жойып жіберді. Украина Қарулы күштерінің соққысынан кейін РФ әскери бөлімшелері өз бекіністерін жасыруға тырысып жатыр, – делінген хабарламада.

Мелитополь мэрі Иван Федоров медиа орталықта берген брифингінде осының жайын айтып берді.

«Біз олардың әуе қорғанысы жүйесінің жұмыс істемей қалғандарын көріп отырмыз. Олар не істерлерін білмей жатыр. Ал кешегі таңертеңнен бері әскери топтарын жасырып ұстау үшін басқа жақтарға қарай жібере бастады. Бірақ мен оларды қашып жатыр деп айта алмас едім. Олар қайта дислокация жасап жатыр», – деді ол.

Сондай-ақ Федоров Украина Қарулы күштерінің Мелитопольдің өзі мен оған жақын жерлерде орналасқан 3 нысанды жойып жібергенін атап көрсетті. Оның айтуынша, ондаған оккупант осы жерде ажалдарына жолыққан. Тағы 200-ге жуығы госпитальдарға, соның ішінде Қырымға да жеткізіліпті.

Қиратылғандар арасында Мелитопольден 20 шақырым жердегі блокпост, радиолокациялық станциясы және мейманхана кешені бар.

10 желтоқсан күні украин сарбаздарының Мелитопольдегі «осетиндер базасында» 200-ге жуық оккупанаттың көзін жойғаны және жаралағандары хабарланған болатын.