Бірінші болып Мохсен Шекари өлім жазасына кесілді
Иранда Үкіметке қарсы күзгі шерулерге қатысқаны үшін сотталған 11 белсендінің алғашқысы дарға асылды. Бұл туралы BBC хабарлады.
Үкім 8 желтоқсан күні орындалды. Наразылық қозғалысына қатысқандары үшін сотталғандар арасында бірінші болып Мохсен Шекари дар ағашына ілінді.
Бұған дейін Иран революциялық соты оны қарсылық толқынында болғаны үшін «Құдайға қарсы жаулық жасады» деп айыптаған болатын. Ол 25 қыркүйекте Тегерандағы басты жолды жауып, «Басидж» азаматтық милициясының мүшесін пышақпен жарақаттаған еді.
Бұдан бұрын Иранның жоғарғы лидері аятолла Али Хаменидің қарындасы Бадри Хоссейни Хаменеи елдегі қарсылықты қарудың күшімен басушылықты айыптап, Ислам революциясы күзетшілер корпусын (Қарулы күштердің элиталы бөлімшесі) қаруларын тастауға шақырды. Осының алдында Хаменеидің құқық қорғаушы жиені Фариде Морадхани жұртты Ирандағы қарсылықты аяусыз басушылықпен байланысы бар нәрсенің бәрін талқандауға үндегені үшін қамауға алынған болатын.
Қыркүйек айында Иранда хиджаб кию жөніндегі заңды бұзғаны үшін ұсталған 22 жастағы Махсы Аминидің полиция учаскесінде өлтірілуіне байланысты қарсылық қозғалысы бұрқ ете қалды. Сол күні Иран қыз-келіншектерінің көпшілігі наразылық ретінде хиджабтарын лақтырып өртеу, шаштарын қырқу акциясын жасады. Қарсылық қозғалысы кезінде 15 мыңға жуық адам қамауға алынды.
Иран билігі шерулер кезінде 200-ге жуық адамның қаза тапқанын мойындады. Алайда құқық қорғаушылар 460 адамның өлтірілгенін айтып отыр.
Иранда қыз-келіншектердің хиджаб жамылуы Ислам революциясынан 4 жылдан кейін, 1983 жылдың сәуірінен бастап міндетті нәрсеге айналған еді.