Екі ел арасында меморандумға қол қою мүмкіндіктері қарастырылды
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Израиль мемлекеті медициналық ұйымдарының өкілдерімен Қазақстанда биопарктер салу туралы Biopharmax және RadiumKZ компаниялары мәселелері бойынша кездесу өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстандағы дәрі-дәрмек саясатының ерекшеліктеріне, биопарктегі жергілікті өндірістің басымдықтарына, заманауи IT-технологияларды пайдалануға, онкологиялық саладағы пилоттық жобаны іске асыруға, сондай-ақ ҚР ДСМ мен «RadiumKZ» ЖШС арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою мүмкіндіктеріне қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Тараптар ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының базасында ODMachine пилоттық жобасын іске асырудың мүмкіндіктері мен егжей-тегжейін талқылады.
Біз денсаулық сақтау саласындағы қазақстан-израиль ынтымақтастығына ерекше мән береміз. Менің ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 72-сессиясына қатысуым шеңберінде биыл 13 қыркүйекте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Израиль мемлекетінің Денсаулық сақтау министрлігі арасында Денсаулық сақтау және медицина саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, - деді Ажар Ғиният.
Министр ведомство Израильмен медициналық білім-ғылым бойынша сұранысқа ие мамандарды даярлау саласындағы ынтымақтастықты, медициналық жоғары оқу орындары мен халықаралық ұйымдардың арасында әріптестік орнатуды қарқынды дамытып жатқанын атап өтті.
Кездесу соңында Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласындағы Израиль мемлекетімен әріптестік ынтымақтастықты нығайтуға және одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.