Нұрғиса Әділетұлы 383 (170+209) келіні көтеріп, қоссайыс қорытындысы бойынша күміс жүлдегер атанды
Колумбияның Богота қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында ерлер арасында 96 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыс өтті.
Осы сында Нұрғиса Әділетұлы 383 (170+209) келіні басынан асырып, қоссайыс қорытындысы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Әлем чемпионы атағын Бахрейн атынан шыққан колумбиялық Лесман Паредес жеңіп алды. Ол қоссайыста 397 келіні (жұлқа көтеруде – 185 кг, серпе көтеруде – 212 кг) көтеріп, жеңіске жетті. Қола жүлдені 380 келіні (171+209) бағындырған колумбиялық Джор Морено иеленді.
Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін Артем Чуркин 73 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер болған еді.