Петропавлда бір күнде су құбыры қалпына келтірілді
Апаттың кесірінен қаладағы екі ауданның тұрғындары бір тәулік бойы сусыз отырды
Петропавлда жарылған су құбырын мамандар қалпына келтірді. Апаттың кесірінен облыс орталығындағы екі ауданның тұрғындары бір тәулік бойы сусыз отырды.
Петропавл әкімі Руслан Аңбаев Instagram-дағы парақшасында апат орнында құбырды қалпына келтіру жұмысының аяқталғаны туралы айтты.
Жөндеу жұмыстары аяқталды. Кейін үйлерге су беріледі. Осы ретте «Қызылжар су» ЖШС мен жұмысқа жұмылдырлыған барлық коммуналдық қызметтерге алғысымды білдіргім келеді. Құрметті қала тұрғындары! Уақытша туындаған ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұраймын, – деді Руслан Аңбаев.
Еске сала кетсек, кеше сағат 01.00 шамасында Петропавлдағы 314-атқыштар дивизиясы көшесінде суық су құбыры жарылып, қалада су қысымы төмендеп кеткен еді.