×

Астанаға Үндістанның ірі инвесторы келді

Гаутам Адани президентпен кездеседі

 Дастан Жұмабекұлы 13.12.2022 | 08:33
фото: ашық дереккөз

Астанаға іскерлік сапармен Үндістанның «Adani Group» конгломератының басшысы Гаутам Адани келді. Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістан делегациясы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Сондай-ақ оның премьер-министр Әлихан Смайыловпен және орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесуі жоспарланып отыр.

Тараптар логистика, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

2022 жылғы қарашада «Adani Group» жалпы нарықтық капиталдандыруы рекордтық 280 млрд долларға жетті (2015 жылғы 16 млрд доллардан 17 есе өсім, - ред).

«Adani Group» компаниясының Қазақстанға сапарын Сыртқы істер министрлігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырды.

АНЫҚТАМА:

«Adani Group» компаниясын 1988 жылы Гаутам Адани құрған. Оның штаб-пәтері Ахмадабад қаласында орналасқан. Bloomberg журналының мәліметіне қарағанда, ол – Азияның ең бай адамы. Оның қаражаты 129 млрд доллардан асады. Ал Forbes-тың дерегі бойынша, Адани дүниежүзіндегі ең бай 3 адамның қатарына кіреді. Бизнесменнің қаражаты 136 млрд доллардан асады деген дерек бар.

«Adani Group» компаниясының жылдық табысы – 25 млрд доллар. 70-тен аса елде 23 мыңнан асатын қызметкері бар.

«Adani Group» энергетика, теңіз порттары мен логистиканы, тау-кен өнеркәсібі мен пайдалы қазбаларды өндіруді, газды, сондай-ақ әуежайларды, деректер орталықтарын және басқа да қызмет түрлерін қамтитын 7 компаниядан тұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама