Роналду «Ювентустағы» қаржылық қулыққа қатысы бар деген күдікке ілікті
Ол еңбекақысын жариялаудан бас тартқан еді
Әйгілі футболшы Криштиану Роналдудың басы даудан арылар емес. Әлем чемпионатының алдында «Манчестер Юнайтедтен» кеткен оның Катарда да жолы болмады. Енді оны қаржылық айла-шарғыға қатысы бар деп айыптап жатыр, деп жазды «Спорт Экспресс» басылымы.
Атап айтқанда, Криштиану Роналду мен «Ювентус» клубының басшылары арасындағы жасырын келісімді БАҚ өкілдері біліп қойған. Қазір туриндік команданың басына бұлт үйірілді. Клубтың президенті Андреа Аньелли мен вице-президент Павел Недвед және директорлар кеңесінің басқа да мүшелері толық отставкаға кеткен. Бұған клубтағы қаржылық айла-шарғылардың көпшілікке белгілі болуы басты себеп болып отыр.
«Ювентус» басшылары футболшылардың трансферіне қатысты соманы төмендетіп, қызмкеткерлердің жалақысы мен штат шығындары туралы мәліметті азайтқан.
Қазан айында La Gazzetta dello Sport журналисі Фабиана делла Валле португалиялық футболшының да бұл іске қатысы барын мәлімдеген. Нақты айтқанда, туриндік клуб басшылығы Роналду төлеген 20 миллион еуро көлеміндегі салықты есепке алмаған.
2018-2020 жылдар аралығында «Ювентус» 115 миллион еуроны осылай жасырып қалды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ «Ювентус» агенттіктерге жалған құжат әзірлеп, оған Криштиану қол қойды деген мәлімет те бар.
Турин прокуратурасы сол кезде-ақ Роналдудан жалақысын көрсетуді сұраған болатын. Ал ол еңбекақысын жариялаудан бас тартты.