×

Украинадан эвакуациялау: Елшілік Мариупольдағы 18 қазақстандықпен байланыса алмай отыр

Атырау әуежайынан Катовицеге төртінші репатриациялық рейс аттанды 

 Ербол Тұрымбет 09.03.2022 | 18:05
көрнекі фото: СІМ баспасөз қызметі

Бүгінге дейін қазақстандық дипломаттар Қазақстанның 731 азаматына Украинадан шығуға көмектесті. Оның ішінде 662 адам Польшаға, қалғандары Молдова, Румыния, Мажарстан мен Словакияға шығып кетті.

Бүгін Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 16:02-де Атырау қаласынан Катовице қаласына 4-ші эвакуациялық ұшақ шықты. Бұған дейін үш репатриациялық рейспен Қазақстанға 432 азамат жеткізілді.

Қазір Катовице қаласында 165 қазақстандық бар. Украина-Польша шекарасын кесіп өту кезегінде ҚР азаматтары жоқ. Львовтағы ҚР Құрметті консулдықтың жанындағы эвакуациялық жинау нүктесінде 11 адам жиналды, ал Харьковта 7 отандасымыз қалып отыр.

Қазақстанның Украинадағы елшілігінің ақпаратына сәйкес, Мариуполь қаласындағы ҚР азаматтарының жалпы саны 18 адам. Электр энергиясы мен телефон жүйелерінің үзілуіне байланысты бүгінгі таңда олармен байланыс орнату мүмкіншілік жоқ.

Сумы қаласында 2 ҚР азаматы бар, олармен тұрақты байланыстамыз. Аталған азаматтар гуманитарлық дәліздер арқылы эвакуацияланады деп күтілуде, аталған дәліздердің ашылуы Ресей мен Украина тараптарымен талқылануда, - делінген Сыртқы министрлігінің хабарламасында.

Киев қаласындағы жағдайдың ұшығуына байланысты қазақстандық дипломаттар Львов қаласына уақытша көшірілді және олар ҚР азаматтарына көмек көрсету жұмыстарын штаттық режимде жалғастыруда.

ҚР дипломаттарының көмегімен 57 қазақстандық ауыр жүк көлігінің 44-і Украина аумағынан шықты, ал қалған 13 автокөліктің жүргізушілеріне жан-жақты көмек көрсетілуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама