Halyq Uni логотип
×

Ауылды дамытуға триллион теңгенің жобасы жасалады – Тоқаев

Агроөнеркәсіп кешеніне 350 млрд теңгеден аса субсидия бөлінеді

 Дастан Жұмабекұлы 12.12.2022 | 14:35
Ауылды дамытуға триллион теңгенің жобасы жасалады – Тоқаев
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылдық жерлерді дамыту мәселесі туралы айтты.

Кездесуде ол ауыл тұрғандарының жағдайын жақсартуға арналған жарлыққа қол қойғанын, келесі жылдан бастап осы жоба бойныша нақты жұмыстың істелінетінін, Үкіметке ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.

Сонымен бірге ол ауылды өркендету үшін мүлдем тың тәсілдің керектігін, өйткені ауылдағы тұрғындардың негізгі табыс көзі жер болып отырғанын, қазір бұл мәселе күн тәртібінен түспей, былтырдан бері 5,2 млн гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді.

Менің тапсырмаммен 5,2 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – негізінен жайылымдық жерлер. Енді Үкімет облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жерді бөліп-тарату үшін мониторинг картасын әзірлеуге тиіс. Сол арқылы жайылымдық жерге мұқтаж ауыл халқының жағдайын жасаймыз. Шамамен 8,8 миллион гектар жер тапшы, –  деді ол.

Оның айтуынша, жалпы, «бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр.

Осы ретте президент азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналғанын, биыл елімізде астықтың мол шыққанын, бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен екенін айтты.

Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден аса субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ, –  деді ол.

Одан әрі Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатқанын сынға алды.

«Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іс жүзінде оның 31-і ғана іске қосылды. Сол сияқты, 7 құс фабрикасының орнына 3 фабрика салынды. Балық өндіретін 11 жобаның жетеуі ғана пайдалануға берілді. Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті», –  деді президент.

Мемлекет басшысы келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаның басталатынын, оған 1 триллион теңге бөлінетінін, бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтитынын да атап өтті.

Сондай-ақ ауылдағы әлеуметтік салада өзгерістер болады. Ауылдың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынады. Шамамен 700 жаңа медицина нысаны салынады. Көп салалы 32 аудандық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осының бәріне 200 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінеді.

Жалпы, аймақтарда инфрақұрылымға қатысты мәселелер аз емес. Тұрғын үй тапшылығы, жылу, энергия және су желілерінің ескіргені, жолдардың тозып тұрғаны баршаға мәлім. Бүгінгі басқосуға облыс әкімдері қатысып отыр. Жаңадан тағайындалған басшылар да бар. Сіздерге сенім артамыз. Әр аймақты тұрмыс сапасы жоғары қуатты өңірге айналдыру үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Табанды жұмыс істеу қажет», –  деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама