Бизнеске қойылған 7 мыңға жуық негізсіз талап жойылады – Әлихан Смайылов
Мемлекеттік бақылау жүйесі реформалаудың жаңа кезеңіне өтті
Қазақстанда бизнеске қойылған 7 мыңға жуық негізсіз талап жойылады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі жұмыс баяндалды.
Үкімет басшысының айтуынша, биылдан бастап бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр. Сондай-ақ бизнеске қойылатын басы артық талаптарды анықтау бойынша ауқымды ревизия жүргізіліп жатыр. Бүгінде осындай 7 мыңға жуық талап анықталған. Алдағы уақытта олар жойылатын болады.
Бұған қоса ол мемлекеттік бақылау жүйесін реформалаудың жаңа кезеңі – тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы тексерулерден бұзушылықтардың алдын алуға ауысу басталғанын жеткізді.
Бұл жұмыс келесі жылы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий мерзімі өткеннен кейін аяқталуға тиіс. Қабылданып жатқан шаралар ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді премьер-министр.
Сонымен бірге бәсекелестікті дамыту үшін экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту жалғасады. Атап айтқанда, жекешелендіру бойынша кешенді жоспарға қосымша 171 объект енгізілген. Халық тұрмысы үшін маңызы зор сумен, электрмен және жылумен жабдықтау салаларындағы 200-ге жуық әлеуметтік маңызы бар объекті алынып тасталып, «ҚазМұнайГаз» халықтық IPO-ға өткізілді.