×

Кәсіби шеберлік чемпионатында 110 студент жеңімпаз атанды

VII республикалық додаға еліміздің барлық өңірінен 500–ден аса WorldSkills өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары қатысты

 Динара Амантай 12.12.2022 | 10:10
Фото: @ oqu_agartu

«WorldSkills Kazakhstan 2022» VII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы шықты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 110 колледж студенті мен жас маман 30 құзырет бойынша жеңімпаз атанған. Олар 34 алтын, 38 күміс және 38 қола медаль жеңіп алды. Чемпионаттың тағы 144 қатысушысы үздік медальондармен марапатталды. Жеңімпаздар еліміздегі ірі кәсіпорындардан жұмысқа шақырту алады және келесі жылы WorldSkills Europe чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болады.

Бүгін біз 30 номинация бойынша жеңіске жеткен үздік студенттерді, колледж түлектерін марапаттадық. Сіздер аймақтық іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, республикалық байқауда жеңіске жеттіңіздер және өз шеберліктеріңізді көрсеттіңіздер. Жастар арасында WorldSkills қозғалысының танымал болып келе жатқаны қуантады. Сіздерге халықаралық жарыстарда жаңа жеңістер тілеймін, – деді «WorldSkills Kazakhstan 2022» жарысының жабылу салтанатында Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетсек, VII республикалық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 500–ден аса WorldSkills өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары қатысқан болатын. Олар 30 негізгі құзыреттілік бойынша жарысты. Оның ішінде электрмонтаждау жұмыстары, аспаздық және мейрамхана ісі, бизнеске арналған IT-шешімдер, web-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу және басқа да құзыреттіліктер бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама