×

Қазақ тілінің мәртебесін арттыруға арналған жиын өтті

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі қаралды

 Динара Амантай 11.12.2022 | 16:53
Фото: gov.kz

Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырыуымен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға арналған жиын өтті. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Халықаралық қазақ тілі қоғамының мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі және ұлттық дәстүрді жаңғырту» тақырыбындағы алқалы басқосуға ғалымдар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің жетекшілері, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысын Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Дәулет Шайтұрсын ашып, жиынның мәні мен маңызына тоқталды:

Мемлекеттік тіл мәселесі өзінің өзектілігін ешқашан жойған емес. Ана тіліміздің мәртебесінің артуына, туған тіліміздің көркеюіне, оның ұлтаралық тіл ретінде қалыптасуына қоғамның үлесін тигізу мақсатында Халықаралық қазақ тілі қоғамының ұстанған бағыттарын айқындау бүгінгі жиынның басты міндеті, – деді ол.

Басқосуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Болатхан Сарбасов «Ұлттық тәрбие – рухани жаңғырудың қайнар көзі» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым өз сөзінде ұлттық тәрбие турал идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отырғанын айтты.

Ал Алматы облысының Тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Жандар Асан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту турасындағы пікірімен бөлісті. Сондай-ақ ол өңірдегі Халықаралық қазақ тілі қоғамының жұмысын жүйелендіруге байланысты бірқатар ойын ортаға салды.

Тілдің іргетасы да, тұғыры мен тағдыры да бесіктен, қарашаңырақтан басталады. Отбасы, ошақ қасында ана тілінде сөйлеп өскен жеткіншектің тілге деген ықыласы ізгі, құрметі биік болары сөзсіз. Бұл ретте Халықаралық қазақ тілі қоғамы балабақшаларда, мектептермен байланысын арттырып, бұл бағытта түрлі жобаларға ұйытқы болса деген ұсыныс бар. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде екендігін жадымыздан шығармағанымыз абзал, – деді Жандар Асан.

Бұдан бөлек, дөңгелек үстелде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, Халықаралық қазақ тілі қоғамы бастауыш ұйымының төрағасы Талғат Рамазанов, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілеген, фольклортанушы Әділбек Әбіш және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының төрағасы Күлзира Әкімжанова тақырып төңірегінде тың ойларымен бөлісті.

Айта кетерлігі, мемлекеттік тілдің мәртебесін дамытуға және қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған осындай жиындар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілмек. Сонымен қатар келешекте Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы осы бағытта тың жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендігін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама