Жылу желісімен жұмыс істеуге 400-ге жуық адам жұмылдырылған
Екібастұзда бүгінде 29 жеке үй жылусыз қалып отыр. Бұл туралы қала әкімі Аян Бейсекин брифинг барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жеке сектор бойынша сандар үнемі өзгеріп отырады. Кеше түндегі санақ бойынша, бізде жылусыз отырған 38-ге жуық жеке үй бар болатын, қазір одан 29-ы қалды. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстар үздіксіз атқарылады. Бұл бағытта 400-ге жуық адам жұмылдырылған. Тұрғындардан батареяның салқындығына байланысты көптеген сұрақтар келіп түсіп жатыр. Ондай мәселе соңғы учаскелерде бар. Қазір жылумен жабдықтау жүйесіндегі қысымды теңестіру бойынша бес топ жұмыс істеп жатыр, – деді Аян Бейсекин.
Сондай-ақ ол жергілікті жылу желісімен жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге көмекке Павлодардан мамандар келіп қосылғанын айтты.
Олар алдағы бірнеше күнде, мүмкін бір апта бойына жылу желісі бойындағы қысымды теңестіру жұмыстарымен айналысады. Магистральдық желілердегі көрсеткіштер дұрыс, бірақ кварталішілік және үйішілік желілерде қысымға қатысты мәселе бар, - деді әкім.