Павлодарда үйден шыққан өрттен 1 жасар бала көз жұмды
Тағы екеуі зардап шекті
Кеше Павлодарда 2 қабатты үйден өрт шығып, салдарынан 1 жасар бала көз жұмды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 10 желтоқсанда сағат 17.57-де 101 пультіне өрт туралы хабарлама түскен. Өрт Павлодар қаласы, Усольский ықшамауданында 2 қабатты кірпіштен қаланған жеке тұрғын үйден шыққан.
Оқиға орнына барған кезде үйдің 1-қабатындағы холлда 4 шаршы метр аумақта 2 орындық, кілем, екінші қабатқа апаратын ағаш баспалдақ жанып кеткені анықталды. Барлау кезінде залдан күйген баланың мәйіті табылды (2021 жылы туған ұл бала), – делінген хабарламада.
Сондай-ақ үйде 5 жасар ұл мен 14 жасар қыз бала болғаны белгілі болды, дәрігерлер оларға «Күйзеліске түсу» диагнозын қойған.
Өрт 18 сағат 47 минутта жойылды. Өртті сөндіруге 5 бірлік техника мен 16 адам жұмылдырылды.
ТЖД қызметкерлері балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды ескертеді.