Бейнежазбада тілшілер шенеунікке газсыз отырған халықтың шағымын жеткізеді
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев газсыз отырған халықты малға теңеді. Онымен қоймай шенеунік өзіне сұрақ қойған тілшілерге «барыңдаршы» деп дөрекі жауап қайтарған.
Әкімнің ауыл тұрғындарын малға теңеген сәтінің видеосы желіде жарияланды.
Бейнежазбада тілшілер шенеунікке газсыз отырған халықтың шағымын жеткізеді.
«Мен жауап бере алмаймын оған. Ауыл әкімімін ғой, бәріне хабарласып жатырмын. Бірақ маған байланысты емес. Ешнәрсеге жауап бере алмаймын», - дейді Бейбіт Аманғалиев.
Тілшілердің айтуынша, халық екі күннен бері газсыз отыр. Алайда бұл сауал әкімге жақпай қалса керек, ол бірден ашуға булықты. Оның сөзіне сенсек, ауылда кеше кешкі сағат 9-да газ өшкен.
«Олар айта береді. Неге сендер халықты тыңдайсыңдар? Халық қазір мал боп кетті ғой. Білмейсіңдер мен соны? Мынау жұмыс істеп жатқан бізді тыңдамайсыңдар ма?»,- дейді ол.
Әкімнің бұл жауабына таң қалған тілшілер «Мемлекеттік қызметкер бола тұра халықты неге малға теңеп тұрсыз?» деген сұрақ қояды.
«Көріп жүрсіңдер ғой. Не түскі үзіліс жоқ. Халық аузына келгенін айтады. Мал деп оларды қалай айтпайсың? Сендер ол сөзді неғыла бермеңдерші. Біздің өз проблемамыз бар. Барыңдаршы... Жұмыс істелінбей жатса екен, істеп жатырмыз ғой», - дейді Бейбіт Аманғалиев.
Тілшілер халықты не себепті малға теңегенін білгісі келіп ауыл әкімінің қыр-соңынан қалмай қояды. Шенеунік өз қателігін түсінсе керек, соңында «Кешірім сұраймын» деп жылы жауып қойғысы келді.
Бұл бейнежазба желі қолданушыларының ашуын тудырды. Олар әкімнің орнынан кетуін талап етіп отыр.