Атырау облысының экс-әкімі Англия сотында Жаңаөзен оқиғасына еш қатысы жоғын дәлелдеді
Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев Англия сотында Жаңаөзен оқиғасына еш қатысы жоғын дәлелдеген
Белгілі заңгер Абзал Құспан Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев Англия сотында Жаңаөзен оқиғасына еш қатысы жоғын дәлелдегенін мәлімдеді.
Мұхтар Әблязов былтыр «Жаңаөзен оқиғасын Бергей Рысқалиев ұйымдастырды» деп мәлімдеме жасаған болатын. Әдетінше жаптым жала, жақтым күйе принципімен, ауызша айтқанымен, ешқандай дәлел келтіріп жатпады. Сол кезде Бергей Рысқалиев өзінің ол оқиғаға ешқандай қатысы жоғын, егер Әблязов сөзінен өз еркімен бас тартпаса, сотқа жүгінетінін айтқан еді. Қазір ғана Бергей Сәулебайұлы және менің англиялық әріптестерімнен осы дау бойынша Англия соты шешім шығарғаны туралы мәлімет алып отырмын, – деп жазды ол.
Заңгердің айтуынша, сот процестері тек бұл талаппен шектеліп қалмайды. Алда Әблязовқа қатысты сотта қосымша талаптар қойылатын болады.
Осыған байланысты Абзал Құспан Бергей Рысқалиевтің мәлімдемесін сөзбе-сөз келтіреді.
«Қадірлі Отандастар! Былтыр Желтоқсан айында Жаңаөзен қасіретінің 10-жылдығы қарсаңында Францияда тұрып жатқан қашқын банкир Мұхтар Әблязов мені «2011 жылы ереуілдегі бейбіт мұнайшыларды арандатты, қазақтың ауыр қасіретіне тікелей қатысы» бар деп ауыр айыптар таққан болатын.
Сол кезде арнайы мәлімдеме жасап, Әблязовты Еуропа сотына беретінімді, өзімнің ақ, адал екенімді дәлелдейтінімді ашық айтқан едім. Сөзімде тұрдым.
Жылдың басында мен оны сотқа бердім де, өзінің жапқан жаласын Еуропаның әділетті сотында дәлелдеуге шақырдым. Мен Мұхтарды сотта күттім, ашық түрде дәлелін айтсын, «Жаңаөзенге қатысы бар» деген жаласы үшін жауап берсін деп. Бірақ, ол бұрынғы әдетіне салып, соттан қашып кетті. Өзінің айтқан сөзіне жауап бере алмай, ашық процестен жалтарды. Осыдан-ақ оның сөзі толыққанды өтірік екенін аңғаруға болады», – делінген Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің мәлімдемесінде.
Жазбаның соңында экс-әкім ағылшын соты бұлтартпас фактілерді көріп, соның негізінде оның пайдасына шешім шығарғанын айтады.
«Елдің ішінде жүрген Болат Әбілев сияқты кейбір белсенділер әлі күнге дейін маған жала жапқысы келетінін байқаймын. Оларға ескертемін: мені қаралайтын материалдарды өшіріп тастаңыздар. Болмаса, Англия сотында жауап бересіздер. Менің қазақ халқының алдында жүзім жарқын, көңілім ашық. Қашан да елімнің, жерімнің мүддесі үшін қызмет еттім, сол жұмысымды жалғастыра беремін де. Жақында талай шындықтың бетін ашатын қызметімнің нәтижесін көресіздер», -дейді Бергей Рысқалиев.