×

Сапасыз медициналық техниканы қымбатқа сатып алған өңірлер аталды

Тексеріс барысында 405 адам жауапқа тартылды

 Дәурен Ерболат 09.12.2022 | 17:23
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері жөніндегі алқа отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыста «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» қызметі тексерісінің нәтижелері талқыланған.

Прокурорлық тексеріс барысында бюджет қаражатын жымқыру және жоғары бағамен сапасыз медициналық техниканы сатып алу фактілері анықталды.

Мысалы, Ақтөбе облысындағы медициналық орталық жылжымалы шұғыл медициналық көмек кешенін (жедел жәрдем) кедендік құнынан 4 есе артық бағамен сатып алған. Нарықтық бағасы 16,6 млн теңге болса, орталыққа 72,9 млн теңге жұмсалды. Осындай сызбалар Алматы қаласында, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Қостанай, ШҚО, БҚО, Жамбыл және Павлодар облыстарында болған, - деп жазылған хабарламада.

Тексеріс нәтижелері бойынша прокуратура заң бұзушылықтарын жою туралы 208 ұсыну енгізді, 405 адам тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылды, 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Жиын барысында Берік Асылов медициналық бұйымдарға бағаны қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмау қажеттігін атап өтті.

Отырыста кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдау процесін автоматтандыру, медициналық бұйымдарды сараптау тетігін қайта қарау, медициналық жабдықтарды қадағалау жүйесін енгізу ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама