Қылмыс жасаған 9 адам сотталды
Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен жер саласындағы заңдылықты сақтау, сондай-ақ медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері жөнінде алқа отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алқа жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің басшылары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Жиын барысында Бас прокурор биыл мемлекетке қолданылмаған 1,5 млн гектар жер қайтарылғанын атап өтті. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қоғамдық жайылымдардың тапшылығы 29 млн гектардан 8 млн гектарға дейін қысқартылды. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында 11 мың үлескерге 500 мың гектардан аса жер қайтарылды.
Тексерістер олигополиялардың қолдануындағы ең жақсы және құнарлы ауылшаруашылық жерлерін, жайылымдар мен коммерциялық учаскелерді анықтады. Бүгінде олардан мемлекет пайдасына 145 мың гектар жер тәркіленді.
Тексеру нәтижелері бойынша Шымкент, Ақмола, Атырау, Алматы және Түркістан облыстары әкімдіктері Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бойынша басқармаларының лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының жеке жер пайдаланушыларына қатысты 56 қылмыстық іс қозғалды.
Бүгінде қылмыс жасаған 9 адам сотталды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 800 үлескерлердің жер телімдерін асыра пайдаланып, алаяқтық жасаған кәсіпорын басшысы 6 жылға бас бостандығынан айырылған.
Берік Асылов уәкілетті органдардың жайылым жерлерін оң басқарудың, ірі жер телімдерінің бір қолға шоғырлануына жол бермеу және үлестік жерлерге бақылауды күшейтудің, оның ішінде кез келген заңсыз схемаларды болдырмау жұмысының маңыздылығына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты іс-шаралар жоспарын дайындау арқылы заң бұзушылықтарды жою туралы талаптар қойылды.