Моңғолияда Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы марапатталды

Дастан Жұмабекұлы

Ол жеңіл атлетикадан бірнеше рет рекорд жаңартып, 12 рет ел чемпионы атанған

фото: kaznews.mn

Моңғолияда қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысқан Алданыш Рамазанқызы «Еңбек сіңірген спортшы» атағымен марапатталды.

Алданыш Рамазанқызы –  1964 жылғы Токио қаласында өткен жазғы Олимпиадаға Моңғолияның атынан қатысқан тұңғыш қазақ қызы. Сонымен бірге, ол Моңғолия спорт тарихында тұңғыш рет Олимпиадаға қатысқан әйел, Моңғолиядағы қазақтардың арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері.

Ол жеңіл атлетикадан моңғол елінің рекордын бірнеше рет жаңартып, 12 рет ел чемпионы атанған.

Алданыш Рамазанқызы 1945 жылы Бай-Өлке аймағының орталығы – Өлгей қаласында туған. Қазір Ұланбатыр қаласында тұрып жатыр.