Оны жергілікті тұрғын жәдігер екенін білмей, үй шаруасына пайдаланған
Өзбекстанның Самарқанд қаласында сақ тайпаларына тиесілі көне қазан табылды. Оны жергілікті тұрғын көне жәдігер екенін білмей, үй шаруасына пайдаланып келген.
Өзбекстан Мәдени мұра агенттігінің мәліметіне қарағанда, көне қазан біздің дәуірімізге дейінгі II-I ғасырларда Жетісу өңірінде өмір сүрген сақ тайпаларына тиесілі. Қазанды 1993 жылы Паярық ауданының тұрғыны «Қарақшы тауы» мен «Тешіктепа» археологиялық ескерткіші арасындағы төбеден канал қазу кезінде тауып алған. Оны тапқандар қазанның ерекшелігін білмей, шаруашылық жұмыстарына пайдаланып келген. Мамандардың айтуынша, бұл аймақта қола қазандардың табылуы бірінші рет емес.
«Қарақшы тауының» Қошрабат ауданы арқылы өтетін беткейінде орналасқан «Сырлыбай» төбеден және Пайарық ауданындағы «Көктөбе» археологиялық ескерткішінен де сақтарға тиесілі қола қазандар табылған.
Сондай-ақ 2017 жылы Каттақорған ауданының Актов тауларына іргелес Жылқыайдар ауылынан да жергілікті тұрғындар тауып алған сақтардың қола қазаны мұражай-қорығына тапсырылған.