Түркістанда жаяу жүргіншілерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Зардап шеккендер түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді
Түркістан қаласы көшелерінің бірінде белгісіз автокөлік жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан екі орта жастағы әйелді соғып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі..
Жол апаты салдарынан жаяу жүргіншілер түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Бүгінде жағдайлары орта дәрежеде.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») және 347-бабы («Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу») бойынша тіркелді.
Тәртіп сақшылары жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын қарау барысында белгісіз автокөліктің айна сынықтары, тағы басқа да дәлелдемелер алынып, соның нәтижесінде адам қаққан көліктің ақ түсті Ваз-2106 көлігі екені анықталды. Кінәлі жүргізуші бір тәулікке жетпей, тұрғылықты мекенжайынан табылды. Көлігі айыптұраққа қойылды.
Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.