Арбаға таңылған ғалым қоғамдық сыйлықтың жеңімпазы болды
Таңсәуле Серіков – ғылыммен айналысуды үзбеген жігерлі жан
8 желтоқсанда Amanat партиясының қолдауымен өткен «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының иегерлері салтанатты түрде марапатталды. Марапаттау рәсіміне депутат Жанат Омарбекова қатысып, жеңімпаздарға Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Жан шуақ» - қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін құрмет.
Ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін номинация PhD доктор, қауымдастырылған профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Таңсәуле Серіковке бұйырды. Ол 2016 жылы Бюргер ауруына шалдыққан, оның аяғына 18 рет ота жасалған. Арбаға таңылған ғалым 2017 жылдан бері І топтағы мүгедек. Солай бола тұра ғылыммен айналысуды үзбеген жігерлі жан.
Таңсәуле Ғабдуманапұлын жеңісімен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, оның жанкештілігі мен қайсарлығы басқа жандар үшін үлгі екенін айтты.
«Биыл мүмкіндігі шектеулі 811 түлек ҰБТ-да тест тапсырды, 2021 жылы бар-жоғы 90 адам қатысқан. Жатақханадағы орындар бірінші кезекте осындай ерекше күтімге зәру жандарға беріледі. Қазір еліміздегі 78 жоғары оқу орнында мүгедектігі бар 1 588 студент оқып жүр. Олардың құқығын қорғау үшін бүгінгі жеңімпаз Таңсәуле Серіковті 2 қарашадан бастам өзіме штаттан тыс кеңесші етіп тағайындаған едім. Білім мен ғылым – барша адамзатқа ортақ құндылық. Ақыл-есі бүтін адамның ізденуіне толық жағдай жасау жолында бірге қызмет етуге келіскен едік. Бүгін сахнада жолымыз қайта түйісті. Міне, ортамызда ғылым-білімді дамытуға қисапсыз үлес қосып жүрген осындай еңбекқор азаматтар бар. Тіршілікте он екі мүшенің қадіріне жетпей тоғышарлықта жүрген бәзбір адамдарға үлкен мотивация дерсің», - деп жазды министр.