Астанада танымал спортшылардан тұратын жастар ұйымы құрылды
Ұйымның негізгі міндеті – салауатты өмір салтын насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беру
Астана қаласында «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің директоры Ербол Мырзабосынов, жоба кординаторы Мәди Рымжанов, «Қазақстан барысы» әрі «Дала қыраны» титулының иегері Мұхит Тұрсынов және бокстан үш дүркін Әлем чемпионы Фируза Шәріпова қатысты.
«Дала қырандары» – бұл жастардың қарым-қатынасы мен олардың қоғамдағы әлеуметтік бейімделуіне арналған жаңа алаң. Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен танымал спортшылар жиналды.
Ұйымның негізгі міндеті – салауатты өмір салтын насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беру. Бұл тәрбие әдістері, қазақстандық жастардың қандай принциптерге сәйкес болуы керектігі туралы түсінік.
Іс-шараның шымылдығын ашқан жас ұйымның директоры Ербол Мырзабосынов бірлестіктің бүгінгі күннің сұранысы бойынша дүниеге келгенін тілге тиек етті.
Біз, еліміздің спортшылары бірлесіп, «Дала қырандары» жастар қоғамдық ұйымын құрдық. Бұл бастамаға жыл басындағы келеңсіз оқиғалар, қазіргі жастар арасында нашақорлық пен маскүнемдікдіктің белең алуы, олардың теріс ағымдардың жетегінде кетуі себепші болды. «Дала қырандары» жастарға арналған тәрбиелік алаң. Біз бүгінгі жас өрендердің болмысын «спортқа, елге» деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, әділеттік принциптерінің көмегімен қалыптастырмақпыз. Біздің мақсатымыз – жастардың басын бір шаңырақтың астында біріктіру, олардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасау, ел мен қоғам үшін игі істерге бастамашы болу, – деді Ербол Қуантайұлы.
Басшының айтуынша, алдағы уақытта жер жерде «Дала қырандарының» орталықтарын ашу жоспарланяп отыр. Алғашқы орталық Астана қаласында пайдалануға беріледі. Қазір нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерде коворкинг, жаттығу залдары, кітапхана болады, яғни жастарымыздың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалады. Орталықта әр салада жоғары жетістікке жеткен танымал спортшылармен, ғалымдармен және тағы басқа тұлғалармен кездесу мүмкіндігіне ие болады. Бұндай орталықтар алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде ашылмақ.
Жобаның үйлестірушісі Мәди Рымжанов «Дала қырандары» өкілдерінің алдағы уақытта жүзеге асыратын жобалар туралы айтты. Ұйым мүшелері құқық қорғау органдарымен бірлесіп, нашақорлыққа қарсы алдын алу жұмыстарын жүргізу, жетім балалар мен қарттар үйлеріне шефтік көмек көрсету, апаттық жағдайларда азаматтарға көмектесу және жоғалған адамдарды іздестіру жасақтары сияқты бағыттар бойынша жұмыстарға тартылады.
Ал Мұхит Тұрсынов пен Фируза Шәріпова «Дала қырандары» өткізген «Жаттығу» жобасы туралы пікірлерімен бөлісіп, осындай заманауи орталықтардың құрылуы бұл өмірде өз орнын таба алмай жүрген жастарға үлкен қолдау болатынын жеткізді. Сондай-ақ, олар өскелең ұрпақты тәрбиелеу және патриотизм сияқты маңызды мәселелер көтерілген кезде жастарға ерекше қолдау көрсетілуі тиіс екенін еске салды.
«Спортшы болғандықтан спортқа енді қызығушылық танытып жатқан жастардың тәжірибелі спортшылардан ақыл-кеңес алудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мен еліміздің кәсіби спортшыларын жаңадан құрылып, алдына үлкен мақсат қойып отырған «Дала қырандары» ұйымына шақырамын. Бүгінгі жастар тәрбиесінде белсенділік танытып, оларды дұрыс жолға бағыттау ісіне бір адамдай атсалысқанымыз жөн. Себебі, біздің бұл жастарға берер ақыл-кеңесіміз де, бөлісер спорттық тәжірибеміз де бар», – деді Фируза Шәріпова.