Жетісу облысының тұрғыны көзсіз ерлік жасады
Бұл істі мен ерлік деп санамаймын, дейді ол
Жетісу облысында жер үйлердің бірінен шыққан алапат өрттен үш бала құтқарылды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Өрт Үлкен Шыған ауылында кеше түнгі сағат он шамасында тұтанған. Үш баласымен бірге ата-анасы алаңсыз ұйықтап жатқан.
Көршісі бірден көмекке ұмтылып, балаларды жанған оттың ортасынан сыртқа алып шыққан. Артынша, әке-шешесін де қауіпсіз жерге демеп апарған. Көзсіз ерлікке барған Еркебұлан Айтбаев Жәркент қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді екен. Сол күні демалыста болған. Өрттің шығуына пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесінің сақталмауы себеп болуы мүмкін.
Кезекшіліктен тыс уақытымда үйден шықсам, көршімінің үйін өрт шалғанын көрдім. Дереу жүгіріп барып, ұйықтап жатқан үш баласын қауіпсіз жерге алып шығып, әкешешесін сыртқа шығуға көмектестім. Және де ас бөлмеден екі газ баллонын байқап, екі газ баллонын сыртқа алып шықтым. Бұл істі мен ерлік деп санамаймын. Бұл өрт сөндірушілердің азаматтық борышым, - дейді Еркебұлан Айтбаев.