Қызметінен кеткен Алтай Көлгінов үндеу жасады
Астананың бұрынғы әкімі осы уақытқа дейін қала шетіндегі елді мекендерді дамытуға күш салғанын айтты
Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады. Ол Facebook парақшасында Астана тұрғындарына алғыс айтып, өз жұмысын қорытындылады.
Алтай Көлгінов Астана игілігі үшін қызмет атқару өзіне мәртебе болғанын атап өтті.
«Сіздермен бірге астанамыздың игілігі үшін қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Үш жарым жыл бойы өздеріңізбен бірге қаламызды дамытып, түйткілді мәселелерді шешуге, сондай-ақ елорданы одан әрі көркейтуге және өмір сүруге қолайлы ету жолында жұмыс істедік.
Астана әкімі қызметіне кіріскен сәттен бастап күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп жүрдім. Сол кездегі басты мәселелердің бірі үлескерлердің мәселелерін шешу болатын. Ұзақ уақытқа созылған әрбір құрылыстың артында пәтерін жылдар бойы асыға күткен мыңдаған адамның тағдыры тұрғанын білесіздер. Осы уақыт ішінде мәселесі қордаланған 16 мыңға жуық үлескер отбасының санын екі мыңға дейін азайттық», - деді ол.
Сонымен қатар Астананың бұрынғы әкімі осы уақытқа дейін қала шетіндегі елді мекендерді дамытуға күш салғанын атап өтті.
«Тағы бір маңызды бағыт – шет аймақтарымызды дамыту. Елорданың әрбір төртінші тұрғыны қала шетіндегі елді мекендерде тұрады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен оларды дамытудың жеке жоспары қабылданды. Шеткері елді мекендерді дамыту бойынша осы уақыт ішінде қыруар жұмыс атқарылды. 700 шақырымға жуық газ құбыры, 42 шақырым су құбыры тартылып, 17 шақырым жаңбыр суына арналған желі, 11 шақырым кәріз желісі салынды. Сондай-ақ елді мекендерде 250 көше, 300 аула және қоғамдық орындар жасалды.
Инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандардың да құрылыс көлемі айтарлықтай көбейтілді.
Осы уақыт ішінде 93 мың оқушыға арналған 45 мектеп салынды. Оның 36-сы жұмыс істеп тұр, тағы 9-ы биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушыға 25 ірі мектепті жобалау басталды. 20 мыңнан астам әлеуметтік пәтерді қамтитын тұрғын үйлер салынды.
Одан әрі жүйелілік үшін қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, полицентристік аясында 420-дан астам учаске бекітілді. Олардың 158 учаскесі мектептер құрылысына, 185-і балабақшаларға, 78-і емханалар, перзентханалар, оңалту орталықтарына бекітілді», - деді Көлгінов.
Елорданың бұрынғы басшысы Алтай Көлгінов жазба соңында Астананың жаңа әкміне сәттілік тіледі.
«Елордамыздың дамуы мемлекет басшысының әрдайым ерекше бақылауында. Астана тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл қала басшылығының алдына жаңа міндеттер мен талаптар қойып отыр.
Шаһарымыздың әрбір тұрғыны қаланың дамуына өз үлесін қосып келеді. Бірлескен жемісті жұмыс үшін баршаңызға және әріптестерге алғыс айтамын. Жаңа әкімнің жұмысына табыс тілеймін», - деп жазбасын аяқтады Алтай Көлгінов.