Бірқатар аймақта мектепке бөлінген қаржы басқа мақсатқа жұмсалған

Динара Амантай

Министрлік облыстардың әкімдіктеріне білім саласына бөлінген ақшаның басқа салаларға кетуіне жол бермеуге қатысты хаттар жолдаған

Фото: Halyq Uni

Мектептерді қаржыландыру әкімдіктердің құзырында болғандықтан, министрлік облыстардың әкімдіктері мен мәслихаттарына республикалық бюджеттен білім саласына бөлінген ақшаның басқа салаларға кетуіне жол бермеуге қатысты хаттар жолдады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Telegram арнасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, берілетін қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау үшін әрбір бюджет бағдарламасы және білім беру саласына бөлінетін қаражат әрбір облыс бөлінісінде жеке қосымшада тіркелген.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында және оның білім беруді дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін республикалық бюджетте көлемді қаражат көзделіп, әкімдіктерге берілді. Мысалдар келтіре кетейін: Балабақшалардағы балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін қаржыландыруды ұлғайтуға қаражат қарастырылған. Яғни қазір қолда бар орындарды қамтамасыз етуге (шамамен 1 млн орын) және жаңа орындарды ашуға қаражат қарастырылған. Оның ішінде тек 2023 жылы 81 мың орын ашылады. Бұл – бұрынғыдан да көп, президент Жолдауын жүзеге асыру үшін бөлінген қосымша қаражат. Колледж оқытушыларының, балабақша тәрбиешілерінің, мұғалімдердің, қосымша білім беру қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылдың қаңтарынан бастап тағы 25%-ға арттыруға қаражат көзделген. Барлық деңгейдегі педагогке біліктілік санаты үшін қосымша ақы төлеуге қаражат бөлінді, – деп жазды министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы мемлекеттік толық жинақталған мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыруға қаражат қарастырылғанын, оған мектептер жабдық сатып алып, ал қаражат үнемделген жағдайда қызметкерлерді көтермелей алатынын айтты.

Дегенмен бірқатар аймақтағы мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген қаражаттың басқа мақсатқа жұмсалғанына байланысты, 2022 жылы жаңа оқу жабдықтары мен жиһаз сатып ала алмаған мектептер бар. Мектептерді қосымша автобустармен қамтамасыз ету үшін әкімдіктер автобустар сатып алуға қаражат бөлді. Колледж студенттері тегін білім алуы үшін гранттар санын көбейту қарастырылған, – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан басқа, дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс іс-шараларды өткізгені үшін және әдістемелік орталықтардың (кабинеттердің) әдіскерлеріне магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төлеуге қаражат көзделгені белгілі болды.

Енді мемлекет басшысының білім беру жүйесінің алдына қойған міндеттерін сапалы орындау үшін 2023-2025 жылдарға арналған білім беру саласына бөлінген қаражатты толық көлемде жеткізу және оларды қайта бөлуге немесе басқа салаларға қайта бағдарлауға жол бермеу қажет. Біздің министрліктің сайтында жұртшылық бюджет қаражатының бөлінуін бақылау мүмкіндігіне ие болуы үшін тиісті ақпарат ұсынылады. Өз кезегінде жергілікті бюджет бекітілгеннен кейін осы шығысты есепке алу туралы қосымша ақпарат жариялаймыз, – деп түйіндеді ведомство басшысы.