Елордада ақылы тұрақтардан негізсіз төлем алынғаны анықталды

Дәурен Ерболат

Қазір министрлікпен бірге тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр

Фото: vechastana.kz

Астанада ақылы тұрақтардан негізсіз төлем алынған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшіcі.

Оның айтуынша, биыл «Астана тұрақ кеңістігі» компаниясына мониторинг жүргізілген.

Азаматтық қоғам мен Астананың атқарушы органдарымен бірге жүргізілген мониторинг нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сай келмейтін және азаматтардың шектеусіз тобының құқығын бұзатын деректер анықталды. Төлем негізсіз алынған және дер уақытында тұрақ ақысын төлемеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылған, - деді Саян Ахметжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, ол агенттіктің ұсынысы негізінде және Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетімен бірлесіп, тұраққа төлем жасамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.