135 млрд теңгедей қаражатты қолма-қол ақшаға аударумен айналысқан топ сотталды
Заңсыз әрекетке 500-ге жуық жалған компаниялар мен 5 мың контрагенттер тартылған болып шықты
Қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға аударумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл шілде айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті кәсіпкерлік субьектілеріне заңсыз жолмен 135 млрд теңге сомасында қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және салық төлеуден жалтаруға ұзақ уақыт бойы көмектесіп келген адамдарға қатысты ауқымды қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Заңға қайшы іс-әрекетке 300 адам (оның ішінде шетелдік азаматтар бар) және 500-ге жуық жалған компаниялар мен 5 мың контрагенттер тартылған болып шықты.
5 желтоқсанда Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты осы іске қатысы бар 20 фигурантты ҚР ҚК-нің 216-бабы 3-тармағы және 28-245-бабы 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, әртүрлі жаза мерзімдеріне соттады.
Осы қылмысты тергеудің тәжірибесі Қазақстан Республикасындағы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың алгоритмін жасап шығаруға мүмкіндік берді.