×

Қорғаныс министрінің орынбасары Өзбекстанға барды

Тараптар екіжақты әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылады

 Дастан Жұмабекұлы 08.12.2022 | 11:36
фото: ашық дереккөз

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов бастаған делегация Өзбекстан Республикасы Конституциясының қабылдануының 30 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысу үшін Өзбекстанға барды.

Қазақстан делегациясын Ташкент әскери округі әскерлерінің қолбасшысы, полковник Закиржон Сайфуддинов пен Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық істер жөніндегі бас басқармасының бастығы, полковник Хасан Халилов қарсы алды.

Одан кейін Қазақстан делегациясы Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштері академиясының қызметімен танысты. 

Қарулы Күштер академиясында тараптардың ресми кездесуі мен екі елдің шығармашылық топтарының концерттік бағдарламасы өтті. Сондай-ақ «Жеңіс бағы» мемориалдық кешені мен ӨР Қарулы Күштері мұражайында экскурсия ұйымдастырылып, гүл шоқтарын қою рәсімі болды.

Сапар аясында генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Өзбекстан Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Хамдам Каршиевпен кездесті. Тараптар екіжақты әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Өзбекстан оқушыларының жыл сайынғы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Бүгін Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен шығармашылық тобы Шыршық жоғары танк командалық-инженерлік оқу орнына барып, мекеменің оқу-жаттығу материалдық базасымен танысады. Осы күні «Халықтар достығы» өнер сарайының алаңында екі елдің әскери ансамбльдерінің бірлескен концерттік бағдарламасы өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама