×

Отбасының цифрлық картасы арқылы 11 мыңнан аса адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді

Ақпараттық жүйеде Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

 Динара Амантай 08.12.2022 | 10:20
Фото: egemen.kz

«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізудің арқасында осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 51 мың адамға мемлекеттік қызметтердің белсенді көрсетілуі үшін SMS жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 11,7 мың адам пайдаланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің мәліметінше, қазір «Отбасының цифрлық картасы» мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар – жүктілікке және босануға, бала күтіміне байланысты, жұмысынан, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршысына), мүгедектігі бойынша, көпбалалы отбасыларға берілетін, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмектер.

Сондай-ақ «Отбасының цифрлық картасы» арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске қосылды.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі. Содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады. 

Проактивті форматтағы мемлекеттік қолдау шаралары Отбасының цифрлық картасы арқылы 11,7 мың азаматқа тағайындалды.

Айта кетсек, «Отбасының цифрлық картасы» – әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде «Отбасының цифрлық картасында» Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Жобаны іске асыру кезеңдері:

- осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алуға мүмкіндік берілді;

- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіледі;

- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі;

- 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама