«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына 5,8 млрд теңге айыппұл салынды

Динара Амантай

Кәсіпорын басшылығы бұл шешіммен келіспей, қарсы шағым түсірген

Фото: Halyq Uni

Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен брифингте Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлімдеді.

«АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық кешені – Теміртау қаласындағы атмосфералық ауаны ластаушы негізгі кәсіпорын. Оның ауаны ластаудағы үлесі – 86,4 пайыз. Жыл сайын «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына экологиялық бақылау жүргізіледі. Биылғы 9 айда аумақтық экология департаменті компанияға 7 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша экологиялық заңнаманың бұзылуы фактілері анықталды, - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, кәсіпорын бейорганикалық шаң-тозаңдарды нормативтен тыс шығарған, бұрын берілген нұсқамаларды орындамаған және газ шығатын құрылғыларды ұстау бойынша тиімді шаралар қабылдамаған.

Алайда кәсіпорын басшылығы бұл шешіммен келіспей, қарсы шағым түсірген. Зұлфұхар Жолдасов қазір істің сотта қаралып жатқанын атап өтті.